Тәуелсіздік алған жылдардан бастап СҚО аздаған уақыттың ішінде едәуір жетістікке қол жеткізді. Мәселен, Егемендігімізге ие болғаннан бастап өңірде 10 ауданның, 1 қала мен 10 ауылдық округтің , 64 елді мекеннің атауы қазақшаланған. Және қазіргі уақытта өңірдегі бірнеше көше атауын да өзгерту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
1991 жылдан бастап облыста тек 321 көше атауы қазақиландырылған. Оларға Қазақстанның атақты батырлары мен еңбегі сіңген ақын-жазушылардың есімі беріліпті. Биыл тағы 2 ауылдық округ пен 3 елді мекен және 336 көше атауы өзгертілмек.
ЕРНИЯЗ СҰЛТАНОВ, СҚО МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
- Соңғы екі жылда аудандардан идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгертуге байланысты көптеген ұсыныстар келіп түсті. Петропавл қаласында жалпы 324 көше бар. Соның 20 пайызындай Қазақстанға еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерімен аталған.
Облыс орталығында атауы бірнеше рет өзгертілген көшелер де бар. Мәселен, қәзіргі Абай көшесінің бұрынғы атауы Университет, Карл Маркс болған. Сонымен қатар, 2019 жылы елбасының құрметіне орай Мир көшесі де Назарбаев деп ауыстырылды. Ономастика бөлімі мамандарының сөзінше, Петропавлда қазіргі уақытта идеологиялық тұрғыдан ескірген 40 көше бар. Олардың атауларын өзгерту жұмыстары биыл қолға алынбақ.
Жансая ҚАЙЫПОВА