Синоптиктердің болжамынша, ақпанның 18-і мен 19-ы күндері облыста қалың қар жауып, боран соғады. Сондай-ақ, кей жерлерде тұман түседі. Ауа-райының күрт нашарлауына байланысты бүгіннен бастап өңірдегі жолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Таңғы сағат 11:30-дан жолдың нашар көрінуіне байланысты республикалық маңызы бар Жезқазған-Петропавл, Екатеринбург-Алматы және облыстағы өзге де тас жолдар біртіндеп жабыла бастады. Сондай-ақ, Ақмола, және Қостанай облыстарында да жағдай қиындай түскен. Осыған орай облыстық ТЖД мамандары алыс жолға шықпау керектігін ескертеді.
МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- «Облыста осы күндері қалың қар жауып, боран соғып тұр. Осыған байланысты алыс жолға шықпай, үйде отыруларыңызды сұраймыз. Қарлы боранның салдарынан жолдар мүлдем көрінбей жатыр. Егер қар құрсауында қалып қойсаңыздар, дереу 112 нөміріне қоңырау шалыңыздар. Айта кетейік, қазіргі таңда республикалық маңызы бар Петропавл-Жезқазған тас жолында «Қазавтожол» компаниясының 8 техникасы қардан тазалап жүр.»