Өткен жылы аудиторлар 55 нысанда тексеру жүргізіп, 6,2 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтаған. Ол туралы тексеру комиссиясының өкілдері облыстық мәслихаттың кезекті 18-ші сессиясында айтты. Тағы жиында тұрғындарды әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері қозғалды.
Былтыр өңір бюджеті 385 млрд теңгені құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық. Қаржының басым бөлігі, яғни 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталыпты. Айталық,
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
- Халықты әлеуметтік қорғау саласына 3,9 млрд теңге бөлінді. Атаулы әлеуметтік көмекті 100 мыңнан астам адам алды. Солардың 6150-і бала. Ал денсаулық сақтау секторына өткен жылы 10,4 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде, емдеу мекемелерінің материалдық техникалық базасы жаңартылып, олар заманауи 268 құрылғы алған. Автопарк та толықты.
Ал «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру үшін былтыр 9 млрд теңге бөлінген. Сөйтіп, 51 елді мекенде жұмыс жүргізілген. Бюджеттің орындалуын тексерген аудиторлар бірқатар олқылқтарды анықтады. Оларды тексеру комиссиясының төрағасы Тілеген Каскин жіпке тізді.
ТІЛЕГЕН ҚАСКИН, СҚО ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- 2021 жылы біздер 55 нысанда тексеру жұмыстарын жүргізіп, 6,2 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтадық. Соның ішінде бюджет қаржысын тиімді жұмсамау және жоспарлау сынды қателіктер тіркелді. Бұдан бөлек, 314 процедуралық, 4 жүйелік және 33 млн теңге сомасында бюджеттің тікелей шығындары сынды заңбұзушылықтар анықталды. Бүгіндері бұл олқылықтардың 95 пайызының орны толтырылды.
Бұдан бөлек жиында халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселесі қозғалды.