Кезекті жеңіс! Белбеу күресінен ел біріншілігінде өңір намысын қорғаған спортшылар жеңіспен оралды. Екі балуан спорт шебері атанды. Спортшыларды кезекті жеңісімен облыстық белбеу күресі федерациясының президенті Қанат Омаров құттықтады.
Белбеу күресіндегі басты құрал – аты айтып тұрғандай белдік. Боз кілемге шыққан қос спортшыға да белбеу бос байланады. Балуандар сол белдікті берік ұстайды, ережеге сай оны босатпау керек. Күрестің бұл түрі өңірде қарқынды дамып келеді. Спортшыларымыз тұрақты түрде республикалық додалардан жүлдемен оралып жүр. Соңғы жарыста екі балуанымыз спорт шебері атанды.
ҚАНАТ ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ БЕЛБЕУ КҮРЕС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- «Белбеу күресі бүгінде танымал спорт түрі. Облыста онымен 100-ге жуық адам айналысады. Уәлихан Дәуренбеков бастаған жаттықтырушылар штабы жұмыс істейді. Әр ауданда осы спорт түрінің филиалдары бар.»
Елдана Тайбупенова-осы жылдың мамыр айында Тараз қаласында өткен ел біріншілігінің жеңімпазы. Бойжеткен 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
ЕЛДАНА ТАЙБУПЕНОВА, БЕЛБЕУ КҮРЕСІНЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕН ҚЫЗДАР АРАСЫНДАҒЫ ҚР ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
-«Біздің салмақта елдің әр түкпірінен 12 спортшы болды. Мен 4 белдесу өткізіп, барлығында қарсыластарымнан басым түстім. Кездесулер қиын әрі тартысты өтті. Бапкерлердің үмітін ақтағаныма қуаныштымын. »
Қазіргі уақытта СҚО бойынша белбеу күресінен 4 спорт шебері және спорт шеберіне үміткер – жиырмаға жуық адам бар.