Референдум бойынша үгіт-насихат жұмыстары аудандарда да қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір облыстық мәслихат депутаттары елді мекендерге шығып, тұрғындармен кездесулер өткізуде. Сондай жиындардың бірі М.Жұмабаев ауданында ұйымдастырылды. Халық қалаулылары қос бірдей мектеп ұжымымен және ауыл шаруашылық саласы қызметкерлерімен жүздесті.
Үгіт-насихат жұмыстарында жүрген депутаттардың айтуынша, солтүстікқазақстандықтар белсенділік танытуда. Өйткені, тұрғындар өзгерістер уақыты келгендігін жақсы түсінеді. Сондықтан ең алдымен заңнаманы ретке келтіріп алу қажет.
БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
- Халық белсенді, халық түсінеді ең бастысы. Өйткені, бұл өзгерістерде халықпен байланысты дүниелер көп. Әкімдерді болсын, депутаттарды сайлау мәселесі болсын. Сот саласындағы әділдік, әділетсіздік болсын, осы жерлердің барлығы халықпен байланысты. Бүкіл жерде халықтың пікірі, халықтың көзқарасы деген сөз алдыға тартылып отырады. Соны оқып көрген тұрғындар, өздерінің қоғамдағы орны бар екендігін біледі деп ойлаймын.
Яғни, мемлекет басшысы айтқандай, маңызды құжат халықтың мұң-мұқтажын ескере отырып дайындалған. Енді олар қалаған депутаттарын сайлап қана қоймай, жұмысына көңілі толмаса, оны алмастыруға да құқылы болмақ. Әкімдердің жұмысына қатысты да өзгерістер бар.
ТӨЛЕГЕН ӘБІЛМӘЖІНОВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ:
- Ауыл, аудан әкімдерін жергілікті мәслихаттардың, яғни халықтың сайлауы мүмкін болады. Халық өзі таңдаса, ондай адамдар сенімді, жақсы жұмыс жасайды.
Сөйтіп, алдағы уақытта уәдені үйіп-төгіп кейін ат құйырығын ұстатпай кететіндердің күні қараң болмақ.