Алматы қаласына қаңтардың басында жіберілген 6637 әскери бөлімінің сарбаздары Петропавлға оралды. Олар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Әскери қызметшілер оңтүстік астанада стратегиялық маңызы бар нысандардың күзетіне жұмылдырылған еді.
ЕРЛАН ЧОКУШЕВ, "ОРТАЛЫҚ" ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ ҚОЛБАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
5 қаңтарда 6637 әскери бөлімінің жүзден астам сарбазы стратегиялық нысандарды күзетуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға Алматы қаласына жіберілді. Олардың алдында тәртіпсіздіктер кезінде қалалық 2- ЖЭО қорғау міндеті тұрды. Кейін көшелерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
ДІНМҰХАММЕД АБЫЛАЕВ, 6637 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ 2 ЖЕДЕЛ МАҚСАТТАҒЫ РОТА КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
6637 әскери бөлімінің сарбаздары жаппай тәртіпсіздік кезінде білікті әрекет етіп, бұйрықтарды мүлтіксіз орындады.
НИКОЛАЙ СУНИСТОВ, ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР:
- Әрине аздап қорқынышты болды...Әсіресе достарым үшін қатты қорықтым. Дегенмен бұл біздің азаматтық борышымыз. Елдегі осындай қиын кезеңде қоғамдық тәртіпті сақтауға пайдамның тигеніне қуаныштымын. Үлкен жауапкершілікті сезіндік.
Төтенше жағдай кезінде қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауда көрсеткен жоғары кәсібилігі үшін 30-дан астам адам марапатқа ие болды.