Өткен демалыс күндері облыс орталығында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған сенбілік өтті. Жастар ресурстық орталығының волонтерлері, экология департаментінің мамандары, полицейлер және қаланың белсенді тұрғындары Пестрое көлінің жағасын қоқыстан тазартты. Сюжетке назар аударайық.
Пестрое көлі – Петропавл тұрғындары мен қала қонақтары демалатын сүйікті орындардың бірі. Алайда, көп жағдайда демалушылардың артынан үйіліп қоқыс қалады. Сенбілікке жалпы алғанда қырықтан астам адам жиналды.
ИВАН ТЕРЗИДИ, СҚО ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
– Біз экологтармен, волонтерлермен бірге тұрақты түрде осындай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сенбіліктер жайлы біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызда жарияланған. Оған әр азамат қатыса алады, біз тек мұндай бастамаларды қолдаймыз.
Махаббат Какунова-полицияның ерікті көмекшісі. Сенбілікке екінші жыл қатарынан қатысып келеді.
МАХАББАТ КАКУНОВА, ВОЛОНТЕР:
- Бізге одан әрі өңдеу үшін қалдықтар мен қоқыстарды жинау мақсаты қойылды. Біз қоқысты жинап, оны сол арада сұрыптаймыз.
Бұл күні Пестрое көлінің маңынан 40 қап қоқыс жиналды. Оның 32 қабы қайта өңделуі үшін кәсіпорындарға жөнелтілді. Айта кету керек, экологиялық акция Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған.
Алдияр Жылкайдаров