Елімізде енгізілген ТЖ режиміне байланысты кей бизнес субъектілерінің жұмысына бірқатар шектеу енгізілді. Бір айта кететіні, кәсіпкерлер бұл талаптарға түсіністікпен қарап, тәртіпті толықтай орындап келеді.
Айталық, ойын сауық орындары: дәмхана мен мейрамханаларға алкоголді ішімдіктерді сатуға тыйым салынып, жұмысы кешкі 6-ға дейін шектелді. Супермаркеттердің жұмыс уақыты да қысқарды. Мұнда да спиртті өнімдер саудаланбайды. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың бойындағы дәмханалар уақытша жабылды. Қару жарақ дүкендеріне сауда жасауға тыйым салынған. Төтенше Жағдай режимі енгізілгеннен кейін облыс кәсіпкерлері үшін арнайы колл орталық құрылып, телефондары жарияланды. Бүгінге дейін мұнда 2 мыңға жуық адам телефон шалды.
ЖЕҢІС ҚАЗИЕВ, «АТАМЕКЕН» ҚКП СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Колл орталыққа келген сұрақтардың басым бөлігі сауда нысандарының, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс тәртібіне қатысты болды. Алкогольді ішімдіктерді сату жөнінде де сұрақтар көп түсті. Оған қоса, шекаралас аймақ болғандықтан, жүк көліктерінің кіріп-шығуы да қиындады. Мамандар барлығына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бір қуантарлығы, бизнесмендер бәріне түсіністік танытып жатыр.