Ең көңілді, ең тапқыр, ең шығармашыл ұжым. Петропавлда ұстаздар арасында КТК ойындары өтіп жатыр. Осымен 2-ші мәрте ұйымдастырылып отырған шараға13 команда қатысқан. Әзілге толы кеште болып қайтқан тілшіміз Мағжан Ахмадина толықтырсын.
Тіл білмеудің арты осындай келеңсіздікке әкелетіндігін әзілімен жеткізіп жатқан «Ақ бота» бөбекжай-бақшасының командасы. Әрине, қалжың болса да, ойландыратын нәрсе. Жалпы құрама өз әзілдерінде негізінен, осы сынды қоғамды мазалап жүрген проблемаларды қозғауға тырысқан.
АЙЖАН СӘПИЕВА, «АҚ БОТА» БӨБЕКЖАЙ-БАҚШАСЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ:
- Бірінші боп шыққаннан кейін қобалжыдық, әрине. Бірақ көңілден шықты деп ойлаймыз. Өйткені, қызықты оқиғалардың бәрі өмірден алынды. Жұмыс кезінде дайындалдық. Балалар түскі ұйқыға жатқанда, сосын жұмыстан кейін қалып дайындық жүргіздік.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымының қызметкерлері ойындарға 3 аптадай дайындалған. Ұстаздар қауымы арасындағы КТК ойындары осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған 13 команда қатысқан.
СӘЛИМА МАҚЫШЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:
- Бұл ойынды алғаш рет 2020 жылы өткіздік. Кейін пандемия болып тоқтап қалды. Биыл сұранысқа ие шара тағы өткізіліп жатыр. Оның мақсаты. Қалалық ұйымдарды біріктіру, кәсіподақ ұйымдарын қолдау және мұғалімдердің шығармашылығын дамыту.
Айта кету керек, қатысушылардың жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Орта жастағылар да жастармен иық тіресе КТК ойындарын ойнап, әзілдерімен көпшіліктің қошеметіне бөленді. Әріптестерін қолдауға келгендердің де қатары қалың болды.
Іс-шара соңында жүлделі орын алғандардан бөлек, түрлі аталымдар бойынша да жеңімпаздар марапатталмақ.