«Жезқазған-Петропавл» автожолының 830 шақырымында, Николаевка ауылының бұрылысына 5 шақырым ЖЕТПЕЙ жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан бір адам қаза тауып, төрт адам жарақат алды. Шал ақын ауданы Сергеевка қаласының 45 жастағы тұрғыны «ВАЗ-21150» автокөлігін жүргізіп келе жатып, қарсы бағытта келе жатқан «Toyota Land Cruiser 200» машинасымен соқтығысқан. Тойота көлігін басқарған 30 жастағы Петропавл тұрғынының айтуынша, қақтығыс жүк көлігін басып озу кезінде болған.
Жол апаты салдарынан «ВАЗ-21150» жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Оның үш жолаушысы, оның ішінде алты жасар бала ауруханаға жеткізілді. «Toyota» жолаушысы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін босатылды. Аталған факті «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.