Кикбоксингтен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Сайыс нәтижесі бойынша солтүстікқазақстандық спортшылар қоржынға 6 медаль салды, оның біреуі алтын. Енді жеңімпаздар Мәскеуде өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастамақ.
1-4 сәуір аралығында Семей қаласында кикбоксингтен Қазақстан чемпионатының ақтық кезеңі өтті. Жерлес спортшылар өздерінің табандылықтары мен шеберліктерінің арқасында чемпионаттан 1 алтын, 3 күміс пен 2 қола медаль жеңіп алды. Сайыста 13 спортшы бақ сынасты.
ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, КИКБОКСИНГТЕН ОБЛЫСТЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
- Қазақстан чемпионатына 200ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады. Оладың арасында 4 әлем чемпионы да болды. Әр салмақ дәрежесі бойынша халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері де келді. Алайда, бұл бізге кедергі болған жоқ. Біздің спортшылар әрқашан үздік 3тіктен көрініп келеді.
Чемпионат 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер арасында өтті. Өңір намысын қорғап барған Наталья Богданова осымен үшінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Бойжеткен кикбоксингпен 3 жыл қатарынан айналысып келеді.
НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, ЖЕҢІМПАЗ:
- Мен 4 жекпе-жек өткіздім. Біріншісінде қарсыласым Өскеменнен келген спортшы болды. Өте мықты қыз. Бірақ жеңіс маған бұйырды. Ал шешуші кезеңде Нұр-Сұлтаннан келген спортшымен жекпе-жекке шықтым. Шынымды айтсам, өте қиын болды. Бірақ мен 3-0 есебімен жеңіп кеттім.
Облыс командасынан 4 адам осы жылдың қараша айында Мәскеуде өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.Енді жерлес спортшылар күн сайын жаттығу жасап, әлемді мойындатпақ.
Жансая Қайыпова