Енді спорт жаңалықтарына ойыссақ. Өткен дүйсенбі күні облыс орталығында футболдан ел чемпионатының 3-ші туры өтті. Бұл жолы жергілікті «Qyzyljar» футбол клубы өз алаңында қарағандының «Shakhter» құрама командасын қабылдады. 90 минутқа созылған матч қандай нәтижемен аяқталды? Әріптесім Нұрбол Балғабеков толықтырады.
Бұл күнді жергілікті жанкүйерлер асыға күтті. Себебі, бір жыл бойы барлық матчтар эпиджағдайға байланысты бір локацияда, яғни Алматы және Талғар қалаларында өтті. Сондықтан күннің суығымен, аптаның жұмыс күніне қарамастан стадионға адам жиналып, жерлес аяқдопшыларды барынша қолдады. Бірінші таймның 15-минутында-ақ «қызылжарлықтар» алға суырылып шықты. «Qyzyljar» футбол клубының жартылай қорғаушысы Подионың көтерген айыпдобын Дарко Зорич қақпаға баспен дәл бағыттады.
«Қызылжар» құрама командасы гол соғып, алға суырылып шыққаннан кейін де шабуылдарын тоқтатқан жоқ. Матчтың 40-шы минутында «Shakhter» футбол клубының ойыншысы өз айып алаңында ереже бұзып, ойынның бас төрешісі пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын Шота Григалашвили сәтті орындап, таблодағы есепті еселеді.
- «Әрине сағындық қой. «» ойыншылары көп-көп рахмет айтамын. Көңілді көтерді. Екі кіргізген допта жақсы болды. Комбинационно кіргізді деген сияқты. Мен риза болып отырмын. Әрине бастаған ойынды жақсымен бітіреміз деп ойлаймыз.»
- «Бірінші тайм өте күшті өтті. Командалар жақсы атака істеді. Гол соқты екі гол. Маған ұнады. Футболда көп болған жоқпын. Осы атмосфера маған қатты ұнайды.»
Екінші таймда ештеңе өзгерген жоқ. «Shakhter» құрамасының ойыншылары қанша шабуыл жасаса да жерлестеріміз лайықты қорғанды. Сонымен қорытынды есеп: 2:0. Қызылжарлықтардың жарқын жеңісі.
АЛТЫНБЕК САПАРОВ, «QYZYLJAR» ФК ЖАРТЫЛАЙ ҚОРҒАУШЫСЫ:
- «Ойын енді өздеріңіз көрдіңіздер қиын болды. Погода деген жел. Бірінші ойын. Өз алаңымызда. Жақсы жеңіске жеттік деп ойлаймын. Аллаға шүкір. Осылай осы қалпымыздан тайынбай, алға қарай ойнауға тырысамыз жеңіске жетуге.»
Осы ойынның қорытындысы бойынша «Qyzyljar» футбол клубы турнирлік кестеде 4 ұпаймен 6-шы орынға көтерілді. Енді жерлес аяқдопшылар сәуірдің 9-ы күні сырт алаңда оралдың «Ақжайық» құрамасына қарсы ойнайды.
Нұрбол Балғабеков